Тұтынушылардың құқықтары күн сайын бұзылады. Дүкенде сапасыз азық-түлік сатылады, тұрмыстық техника екінші күні сынып қалады. Сатып алушыға дөрекі сөз айтылуы, төмен сападағы қызмет көрсетілуі мүмкін.
Сатып алынған кез келген зат, мейлі йогурт немесе күрделі цифрлық техника болсын, күтпеген нәрсеге тап болу тәуекелімен байланысты болады. Бұған жол бермес үшін мемлекет тұтынушылардың құқықтарын қорғайды, сондай-ақ, сатушыларды, кәсіпкерлерді сатып алушыға тек сапалы өнімдерді ғана ұсынуға мәжбүрлейді. Тұтынушының құқықтары әртүрлі заңнамалық актілерде – ел Конституциясында, Азаматтық кодексте, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы» заңдарда және басқа да нормативтік актілерде бекітілген. Сонымен қатар, осы заңнамалық актілер қабылданғанымен, Қазақстанның нарықтарында сатып алушыларды алдаумен байланысты жағдайлар азаймайды. Тұтынушыны қандай да бір алдау тәсілдерін немесе тауарлардың жасанды түрлерін өз мерзімінде анықтау бойынша білімнің қажетті көлемімен «қаруландыру» қажеттілігі туындайды. Тұтынушылардың кенеттен қайтыс болуына немесе ауыр сырқаттарға ұшырауына себеп болатын тамақ өнімдерінің жасанды түрлеріне ерекше ықыласпен назар аудару керек.
Тауарлар мен қызметтерді сатып алған кезде сатушы тауардың сатып алынғанын (жұмыстың орындалғанын, қызметтің көрсетілгенін) растайтын құжатты, яғни тауарлық чекті, қазыналық чекті, кассалық кіріс ордерін және басқа да құжаттарды тұтынушыға беруге міндетті болады. Себебі, Қазақстан аумағында ақшалай есеп айырысулар, мiндеттi түрде бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының заңнамасында, тұтынушылардың құқықтарын қорғау үдерісінің міндетті сатысы ретінде дауларды қараудың сотқа дейінгі тәртібі көзделген. Бұл дегеніміз – тұтынушының құқығын бұзған сатушыға (орындаушыға) жазбаша арызбен (кінәрат-талаппен) жүгінуі, сатушының (орындаушының) заңсыз әрекеттеріне шағыммен уәкілеттік мемлекеттік органдарға, сондай-ақ, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне жүгінуі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабына сәйкес, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушының өтініші, шағымы бойынша құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтар арқылы келтірілген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) кінә қоя отырып жүгінуге құқылы (назар аударыңыз: өз бастамасы бойынша емес, тұтынушының өтініші немесе шағымы бойынша ғана). Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде кінә қоюға жауап бермесе немесе заң бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) сотқа жүгінуге құқылы. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылар мүддесіне орай сотта қарауға жіберетін талап-арыздарға мемлекеттік баж салынбайды.
Осыған орай маман ретінде тұтынушыларға бірнеше кеңес бергенді жөн деп санадым.
Әрдайым сыпайы, мәдениетті болыңыз, бірақ өз құқықтарыңыздың орындалуын қаласаңыз, табанды болыңыз. Тауарды асықпай таңдап, үйреніңіз. Оны мұқият қарап шығыңыз, таңбаламадағы, заттаңбадағы, нұсқаулықтардағы ақпаратты асықпай оқып шығыңыз. Сапасына күмәніңіз болса, ілеспелі құжаттарды талап етіңіз. Тауардың салмағы мен оның құнын әдепті және сыпайы түрде бақылап тұрыңыз. Егер дүкенде электронды сағат орнатылған болса, оны «нөлге» теңестіруді сұраңыз, бұл үшін арнайы «ыдыс» түймешігін басу керек. Таразыда өнімнің мөлшері үшін баға, өнімнің салмағы өлшенгеннен кейін терілуін бақылаңыз. Егер сіздің ақшаңыз кассада кем есептелген болса, дүкеннің әкімшілігінен біреуді шақырып, одан кассаны алып тастауды талап ету керек. Қысқасы, сауатты сатып алушы болыңыз! Елімізде тұтынушылардың құқықтары әдеттегі күнделікті іс болуы үшін, осы құқықтарды зерттеу, оларды пайдалана білу, өз-өзін қорғай білу және қажет болса достарыңызға және жақындарыңызға көмек көрсету керек. Тұтынушы өз құқықтарын неғұрлым жақсы білетін болса, олардың мүдделерін заңды түрде қорғап қалу мүмкіндігі соғұрлым көп болады.
Динара РАХИМОВА,
Әуезов аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы
АЛМАТЫ